«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі

23.08.2011

Көрулер: 1099

Ұлттық зерттеу университетінде дәріс ағылшын тілінде оқылады - профессор М.Бүркітбаев

АЛМАТЫ. 22 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде шет тілін үйретудің мобильдік оқытуын енгізуге байланысты халықаралық семинар өз жұмысын бастады.

Университеттің Экономика және бизнес жоғары мектебінде өтіп жатқан семинар жұмысына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шет тілдері пәнінің оқытушылары және қазақстандық басқа да жоғары оқу орындарының мамандары, халықаралық сарапшылар мен лекторлар қатысуда.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры, инженерлік білім саласы бойынша халықаралық деңгейдегі оқытушы, профессор Мұқамбетқали Бүркітбаевтың айтуынша, бүгінгі күні ағылшын тілін терең меңгеру қажет екендігін тәжірибе көрсетіп отыр. «Бұл әсіресе, біздің университет үшін аса қажет. Себебі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ұлттық зерттеу университетіне айналу жолында. Бұл ретте ағылшын тілі оқу үдерісінде жоғары маңызға ие болуы тиіс», - дейді ол.

Жиын барысында шет тілін меңгеру әлі кеңінен өріс алмағандығы айтылып, біраз студенттер әлі де ағылшын тілін толық білмейтіндіктері тілге тиек етілді. Алайда, бәсекеге қабілетті болу үшін халықаралық тілді меңгеру - заман талабы. Осы орайда профессор М.Бүркітбаев «Елбасы 2020 жылға қарай халықтың 20 пайызы ағылшын тілін еркін меңгеру керек деген тапсырма қойды. Биылдан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әр факультетінде 2-3 пән ағылшын тілінде оқытылатын болады», - деп атап өтті. Сонымен қоса ол үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі еліміздегі барлық жоғары оқу орындарына академиялық ұтқырлықты дамытып, шетелден профессорлар шақыртуға үлкен жағдай жасап отырғандығын жеткізді.

Бұдан кейін «So To Speak AB» халықаралық компаниясының директоры, ағылшын тілін оқыту әдістемесінің авторы, көп тілді меңгерген, аудиокурстардың және шет тілін оқытудың авторы, еңбегі интернет желісінде компакт-дисктермен таратылған маман Карл-Сверре Хофсо және электронды оқытуды дамыту ҚБҚ Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, мультиплатформалар құрастырушысы, тіл курстарын ұялы телефондармен оқытумен қамтамасыз еткен Фуад Джаззар қатысушыларға тақырыптық дәрістер оқыды.

Айта кетейік, шет тілін үйретудің мобильдік оқытуы бірінші қыркүйектен бастап, университетте бір семестрге жалғаспақ. Ал бүгін жетекші білім ордасында бастау алған семинар бір апта бойы жүргізіліп, оның соңында қатысушылар сертификатқа ие болмақ.

Семинар Қазақстандағы «Nokia» компаниясының қаржылай қолдауымен, сонымен бірге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен электронды оқытуды дамыту қоғамдық білім қорының (Қазақстан) ұйымдастыруымен жүзеге асуда.