«ҚазАқпарат» Ұлттық ақпарат агенттігі

27.08.2011

Көрулер: 746

Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық

АЛМАТЫ. 26 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қазақстан халқы еліміздің Конституциясына сәйкес конституциялық құқықтық қатынастың субъектісі ретінде қандай жағдайда болмасын әрекет ете алады. Бұл жөнінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық құқық кафедрасының аға оқытушысы Асқат Даркенбаев ҚазАқпарат тілшісімен тілдесу барысында айтты.

А.Даркенбаев Қазақстан халқының конституциялық құқықтың субъектісі ретіндегі көрінісі 30 тамыз 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабының 1 тармағында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы-халық» деп негізделгендігін алға тартады. "Елімізде Қазақстан халқының билікке араласуының негізі де осы норма болып табылады. Қазақстан халқының қандай негіздерде және қандай-әдіс-тәсілдер арқылы билік ісіне араласатындығы осы нормадан өрбіп одан әрі дамиды", -дейді ол.

Биліктің бірден-бір бастауы ретіндегі Қазақстан халқының конституциялық құқықтық қатынастың қатысушылық сипатын, оның мынандай параметрлік деңгейлерінен көре алатындығымызды айтады.

Біріншіден, Қазақстан халқы Қазақстан аумағындағы мемлекеттілікті құрушы және оның негізін қалаушы субъект екендігінде;

Екіншіден, Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің тұтастығын қамтамасыз етуші;

Үшіншіден, Қазақстан халқы мемлекеттік билікті ұйымдастырушы және билікті жүзеге асырудың қағидаларын орнықтырушы.

"Қазақстан халқының мемлекеттік биліктің тұтастығын қамтамасыз етуші бірден-бір субъект ретіндегі ерекшелігі жалпы барлық биліктің халыққа тиесілі екендігінен көрінеді. Осыған сәйкес Қазақстан халқы қандай жағдайда болмасын билікті өзінің қолына алуына абсолютті құқығы бар. Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің ұйытқысы ретінде билікті негізінен мынандай нысандарда жүзеге асыра алады: Тікелей республикалық референдум арқылы; Еркін сайлау құқығы арқылы; Билікті жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға жүктеу арқылы", -деп атап өтті Асқат Даркенбаев өз сөзінде.

Сонымен қатар ол халық билігінің тікелей республикалық референдум арқылы жүзеге асуын Қазақстан Республикасы президентінің өкілеттік мерзімін ұзарту және қолданыстағы конституциямызды қабылдау тәжірибесінен көргендігімізді тілге тиек етті. Ал еркін сайлау құқығын Қазақстан халқы Президентті, Парламент депутаттарын сайлау кезінде қолданған.

Оның айтуынша, халық атынан билік жүргізу құқығы Республика Президентіне, өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламентке берілген. Республика Үкіметі мен басқа да мемлекеттік органдар мемлекет атынан өз өкілеттіктері шегінде ғана билік жүргізе алады екен.

Сондай-ақ ол еліміздің Негізгі заңында көрініс тапқан идеялар мен принциптер ұлттық құқықтық жүйенің негізгі бағыттары мен даму тетіктерін, оның ішінде конституциялық құқықты ұзақ мерзімді перспективада айқындайтындығын жеткізді. "Яғни, Конституцияның принциптері мен нормаларын, ең алдымен, мемлекеттік билік органдары мен оның лауазымды адамдарының қызметінде толыққанды іске асыру, бұл ретте Конституцияны тікелей қолданумен қатар ағымдағы заңнама және құқық қолдану арқылы оның әлеуетін қамтамасыз ету маңызды міндет болып табылады", -дейді А. Даркенбаев .