«Сегіз қырлы, бір сырлы» жігіттер

09.02.2012

Көрулер: 904

Соңғы кездері ҚазҰУ-дың жас әншілері бірнеше кубоктар мен дипломдармен марапатталды. Осы орайда университетіміздің «Сегіз қырлы, бір сырлы» жігіттерінен құралған студенттік «Қайнар» тобын ерекше атауға болады. Бұл топтың мүшелері: Досқан Жалниязов (география факультетінің 3-курс студенті), Талғат Айбосынов (жоғары экономика және бизнес мектебінің 3-курс студенті), Сұлтанбек Тұрғанбекұлы (химия факультетінің 2-курс студенті), Ерман Бердалы (тарих факультетінің 2-курс студенті).

«Қайнар» тобы 2010 жылы құрылып, осы уақытқа дейін «Жаса, Қазақстан!», «Қазақтай ел қайда», «Арулар», «Жан досым» сияқты эстрадалық әндермен қатар халық әндері «Балқадиша», «Айқаракөз», «Қызыл құмда ауылым» сияқты белгілі шығармаларды нақышына келтіріп орындап жүр. Университет көлемінде өтетін кез-келген мерекелік іс-шара «Қайнар» тобының әншілерінсіз өтпейтіні рас. Тек университет көлемінде ғана емес бүгінде қалалық, республикалық конкурстарға қатысып жүлделі орындарды иеленіп жүр. Соның бір айғағы ретінде өткен жылы қалалық жас патриоттар байқауында «Отан туралы ән» номинациясы бойынша жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Жас әншілер бүгінде республикалық «Жас қанат» байқауына қатысып, бақтарын сынап көрмек ниетінде қызу дайындықтар жүргізуде.