Профессор Мархабат Томанұлы Томановтың туғанына - 80 жыл

20.02.2012

Көрулер: 572

20 ақпанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мәжіліс залында филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің ұйымдастыруымен қазақ тіл білімі ғылымының дамуына зор үлес қосқан көрнекті тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мархабат Томанұлы Томановтың туғанына 80 жыл толуына орай «Филологияның қазіргі кезеңдегі басымдықтары: дәстүрі мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтті.


Конференцияны филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы Қансейіт Әбдезұлы факультетте еңбек еткен жылдарына тоқталып, бүгінде ұстаз тәрбиесін көрген шәкірттер тәлімгерлерге дәріс беріп, ғалымның ілімін жалғастырып келе жатқанын айтып өтті. Арнайы келген қонақтар арасынан ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Бас ғылыми қызметкері Рәбиға Сыздық ғалым, ұстаз, біртуар азамат туралы «Мархабаттың есімі мен үшін ерекше ыстық. Жарты ғасыр бұрын бір бөлмеде отырып қызмет еттік, әріптес болдық. Сабырлы, бойлы еді. Бәріңізге белгілі фонетиканың тарихын зерттеді», - деп еске алды. Сондай-ақ, келушілер қойылған көрме арқылы ғалымның шығармашылығы мен ұстаз туралы сыр шертіп, қалам тербеген шәкірттерінің де мақалаларымен танысты.

Конференция жұмысының негізі бағыттар мемлекеттік тіл қолданысы және оның әлеуметтік мәртебесі; лингвистика дамуындағы қазіргі кезеңдегі басымдықтар; тіларалық қарым-қатынас: түркі тілдерінің салыстырмалы зерттеулері; әлем кеңістігіндегі түркітану ғылымы; тарихи грамматика және қазіргі түркі тілдері; қыпшақтану: кеше, бүгін және болашақта; мәтіннің тілдік аспектісі және мәдениет деңгейі; тілдік қатысым этикеті және гендерлік аспект; студенттердің тілдік дайындығындағы инновациялар; көркем аударма және әдебиеттану поэтикасының мәселелеріне арналды.

Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде профессор М. Томанов атындағы аудиторияның ашылу рәсімі де осы конференция аясында өткізілді.

Студенттер бұл конференцияда аға буын өкілдерін ұйып тыңдап, аға-апаларының конференцияда Мархабат Томанов туралы еске алу сәттерін бірге бөлісіп, белсенді түрде қатысты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі