Екіжақты байланыс арта түспек

23.02.2012

Көрулер: 827

Бүгін Қазақстандағы Канада Елшісі Стефан Миллер мен Канаданың Карлстон университетінің профессоры, доктор Петр Дуткевич әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалым Мұтанов және университеттегі халықаралық қатынастар факультеті, философия және саясаттану факультетінің деканы, магистранттар, докторантармен екіжақты байланысты арттыру мақсатында кездесті.

ҚазҰУ ректоры бүгінде университет шетелдік байланыстардың артып келетіндігін, әрбір шетелдік жоғары оқу орындарымен меморандум, келісімшарттар өз деңгейінде жұмыс істеп, оқытушы-профессорлық құрам, студенттерге тәжірибе жинауда, білім деңгейін жетілдіруде өте ыңғайлы да ұтымды бағдарламалар негізінде барып білім алуда екендерін айтты.

Елші Стефан Миллер Канададағы білім беру ісі туралы, студенттер ағылшын-француз тілдерінде оқытылатынын тілге тиек етіп, ең маңыздысы елшілікпен ҚазҰУ-дың екіарадағы байланысын арттыру ісіне үлкен мән беретінін жеткізді. Айта кетсек, Канадада ағылшын тілі мен француз тілдері мемлекетттік тіл болып табылады. Сол себепті, өзге елден келген студент қалауынша қай тіл ыңғайлы, сол тілде оқу курстарын тыңдай алады.

«Екіжақты байланыс үнемі сақталып отырса, тәжірибе алмасу, екіжақты диплом алу бағдарламаларын жасау, сондай-ақ, егер Канаданың студенттері біздің университетпен, Орталық Азиямен танысқылары келсе, оларға ыңғайлы ағылшын, француз тілдерінде таныстыру жұмыстарын ұйымдастыруға дайынбыз», - дейді ректор. Кездесуге арнайы қатысқан ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев Канада білім беру ісімен таныс екендігін, студенттердің ол елге барарда виза дайындауда (бір мемлекетке баруға я онан кетуге, немесе сол арқылы өтуге рұқсат берілгендігі жайында төлқұжатқа қойылатын белгінің) оңайға түспейтін тұстарына тоқталды. Осы тұста елші Стефан Миллер елшілікте алдын-ала тізім даярланып, Канададан рұқсат қағазын күтуге көп уақыт кететінін ескерсек, қолдан келгенше көмекке көрсетуге тырысатынын жеткізді.

Канададағы Карлстон университетінің профессор Петр Дуткевич соңғы жылдары көбейіп жатқан жекеменшік жоғары оқу орындарының сапасы сын көтермейтінін, білім беруде тек қашықтықтан оқыту бағдарламаларын пайдаланбай, 1 курстан бастап тәлімгерлерге жаңа технологияны меңгеруді үйретсек деген ой айтты.

ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінде бүгінде 7 ақпараттық-ресурстық орталықтары жұмыс істейді. Соның бірі жақында ғана «Германдық зерттеу орталығы» ашылды. Факультет деканы Кәрімжан Шәкіров Канаданың ақпараттық-ресурстық орталығын факультет жанынан ашу ұсынысы елші тарапынан да қолдауға ие болды. Ал ҚазҰУ-дың шетелдік жұмыс тәжірибесі бар мамандар бұл орталықтың қарқынды жұмыс істеуіне әрі елшілікке де керек кезде көмекші болары да айтылды.

Кездесу соңында Стифен Миллер мен Петр Дуткевич студенттерге лекция барысында сұрақтарына жауап беріп, мұражайда болып қайтты.


ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі