"Айқын" - республикалық қоғамдықөсаяси газет

10.08.2012

Көрулер: 316

Алматы қаласына Лондон Олимпиадасының алтын медаль иегерлері - Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова ұшып келді.

Алматы әуежайында Қа­зақ­станның батыр қыздарын алма­тылықтар ел болып қарсы алды. Құшақ-құшақ гүлдер, көтеріңкі көңіл-күй және туған-туыстар­дың көз жасы, жиналған жұрт­тың қуанышында шек болмады. Алтынмен апталып келген чем­пиондар сол жерде баспасөз мәс­лихатын өткізіп, өздерінің жеңіс жолындағы естеліктерімен бөлісті.
Cонымен қатар үш алтын алған қаһармандармен әл Фара­би атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінде де кездесу болып өтті.
Баспасөз мәслихатына жи­нал­ғандар Светлана Подобедо­ва­ның қолындағы Алматы апор­тына басты назар аударды. Ал бұл сыйлықты Қазақ ұлттық уни­верситетінің студенттері спорт және дене тәрбиесі ка­федра­­сы­ның меңгерушісі Ана­толий Аре­щенконың бағынан әкелген екен. Исі мұрын жара­тын апорт­ты қолына алған Свет­лана По­до­бедова Алматы алмасы оған күш-қуат беретінін айтты.
- Осы сыйлығымыз арқылы біз өз студентімізге құрмет көр­сеттік. Алманың атасы Алматы қаласы екенін мақтанышпен дә­лелдедік. Үлкен, ауыр әрі бә­се­келі жарыстан соң алма біздің жеңімпаз студентке қуат береті­нін білеміз. Өйткені бұл апорт­тың жөні бөлек, - деді универ­си­теттің спорт және дене тәр­­бие­сі кафедрасының мең­геру­шісі Ана­толий Арещенко.
ҚазҰУ-дің студенттері және ұстаздар қауымы Олимпиада жеңімпазымен бірқыдыру әңгі­мелесті, көкейде жүрген сауал­дарына жауап алды. Студенттер суретке түсті, жеңімпаздар қол­таңба берді. Сонымен қатар Светлана Подобедовамен бірге кездесуге төрткүл дүние көз тіккен сайыстан алтын алған Зүлфия Чиншанло, Майя Ма­неза да келді.
Ал спортшыларды Олимпиа­да чемпионы Ермахан Ыбы­райы­мов құттықтады.
Университеттің заң факуль­те­­тінде оқитын Светлана Подо­бе­доваға алтын алған сәтте уни­вер­ситет ректоры Ғ.Мұтанов «Уни­верситет ұжымы сенің жеңі­сіне сенді. Лайықты өнер көрсеттің. Халқыңа одан әрі қызмет ете бер» деп жеделхат жолдағаны белгілі.
Светлана үмітті ақтады.

Еркін ҚАЛДАН