Бес халықтық реформа ҚазҰУ-да талқыланды

06.05.2015

Көрулер: 462

ҚазҰУ ұжымы Тәуелсіздік сарайында өткен ұлттың ұлы тұлғасын ұлықтау рәсімінен кейінгі алғашқы жиынын Елбасы ұсынған «Бес халықтық реформаны» талқылауға арнады. Мемлекеттік дамудың үшінші кезеңінің негізін қалайтын аса маңызды реформалар жайлы алдымен ректор Ғалым Мұтанұлы баяндама жасады. Бұл талқылаудың университет ректоры Ғ.Мұтанов жуырда «Ай тұлғасы» болған G-Global алаңында көрсетілуі жиынның ерекшелігіне айналды.

«Баршамыз Елбасы ұсынған 5 институционалдық реформаға қанықпыз. Оны орындау үшін Қазақстан халқы мен билігінің күш-жігер жұмылдыруы қажеттігін Елбасы нықтап айтты. Бұл ретте біз де өз жауапкершілігімізді сенуіміз керек. Алдымызда ұлы реформалар тосып тұр. Түбегейлі өзгерістер болатынын Елбасы бір емес, бірнеше рет айтқан», – деген университет ректоры Ғалым Мұтанов оны орындаудағы әрбір ұжымның, әрбір азаматтың тікелей қатысуының маңыздылығына мән берді. «Қазақстан дамуының сапалық жаңа сатысы» деп аталатын баяндамасында ректор бес қағидатқа жеке-жеке тоқталып өтті. Атап айтқанда, кәсіби мемлекеттік аппаратты қайта құру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген экономикалық өсім, болашағы біртұтас ұлт, транспарентті және есеп беруші мемлекет – Қазақстан халқы өтуі тиіс бес қадам. Экономикалық дамуға, әлеуметтік жаңғыруға серпін беретін бес реформа бойынша не істеу керектігі Елбасының «Мемлекет құру ісіндегі ары қарайғы 100 нақты қадам» атты Ұлт жоспарында жарияланды. Оның ішінде университет басшысы тіл мәселесі, ұлттық сипат, елдік мүдде, ауызбіршілік пен адамгершілік, барша ұлтты біріктіретін патриоттық керектігін айтты.

Қорыта келе, ректор Ғалым Мұтанұлы: «Мемлекет басшысы ұсынған бес институттық реформа Қазақстанды одан әрі құрып, дамытудың, барлық қоғамдық күштерді әлемнің ең бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіру жөніндегі тарихи миссияның төңірегіне топтастырудың және әлемдік кеңістікте мәңгі де қуатты мемлекет- Мәңгілік елді орнықтырудың ұлы негізі болып табылады», – деп түйді.

Сондай-ақ күн тәртібіндегі басты сұраққа қатысты экономистер мен әлеуметтанушы ғалымдар пікір білдіріп, өзге де оқытушы-профессорлар өз ойларын ортаға салды.

ҚазҰУ Баспасөз қызметі