Жас Қазақ

13.08.2015

Көрулер: 877

«Қазақстан десе, ҚазҰУ еске түседі»...

Дархан Ахмед-Заки,
Әль-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры:

«Қазақстан десе, ҚазҰУ еске түседі»...

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде информатика пәні бойынша жуырда халқаралық олимпиада өтті. Олимпиадаға 83 елден 630-дан астам делегат, 324 оқушы қатысты. Біз олимпиада өткеннен кейін «қара шаңырақ» – ҚазҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры Дархан Ахмед-Зәки мырзадан сұхбат алдық.


Жас қазақ:
Дархан мырза, информатика пәні бойынша өткен халықаралық олимпиаданың сіздердің университетке, олимпиадаға қатысқан оқушыларымызға қандай пайдасы бар?
Д.Ахмед-Зәки:
Информатика пәні бойынша халықаралық деңгейде өткен олимпиаданың маңызы зор. Бұл олимпиаданың басты мақсаты – талантты оқушылар бағдарлама құрудан жарысқа түседі, сол арқылы үздіктер анықталады. Жылдан-жылға ақпараттық технологиялар бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның бірден-бір дәлелі мектептегі оқушылар осы ақпараттық технологиядан өздерінің таланты мен білім-білігін көрсетуде. Соңғы жылдары біздің физика-информатика пәнін тереңдетіп оқытатын мектептердегі оқушылар мен Қазақ-түрік лицейлеріндегі оқушылар біздің елдің абыройын шетелдерде қорғап жүр. Ең жақсы нәтижелердің бірі – әлемдік деңгейде алтын медаль алу. Биылғы қатысушылардың деңгейі өте жоғары. Әр мемлекеттен төрт оқушы қатысады. Екі сайыс күндерінде 5 сағат уақыт беріліп, олар осы уақыт аралығында 4-5 есеп шығарады. Былтырғы, алдыңғы жылдары біздің оқушылар жеңімпаздар қатарында болды. Мәселен, бірнеше жыл бұрын алтын медаль жеңіп алған Жомарт Сыдықов есімді жігітті барлығымыз білеміз. Ол қазір шетелден білім алып келіп, компанияларда жұмыс істеп жүр. Жалпы, бұл олимпиада жеңімпаздары тамаша өмірлік жолдама алады. Өйткені, оларды әлемдік кез келген оқу орындары және компаниялар өздеріне қабылдайды.
Жас қазақ:
Ақпараттык технологиялар бағыты жалпы бізде қалай дамуда?
Д.Ахмед-Зәки:
Жалпы ақпараттық технологиялардың бағыты бойынша бұрынғы Кеңес үкіметі кезінен бастап, біздің елде мамандандырылған ғылыми мектептер қалыптасқан болатын. Оның негізгі бағыты – теоретикалық информатика. Екінші бағыт – өндірістік-кәсіптік салаға қатысты бағдарламалар құру. Бұл жағынан біздің университетте соңғы 40 жылдан бері «ақпараттық жүйелер» кафедрасы жұмыс істейді. Қазір ол кафедра үлкейіп, соның негізінде тағы бірнеше кафедралар пайда болды. Механика-математика факультетінде барлық студенттер саны ішінен ақпараттық технологиялар бағыты мамандықтары бойынша 70 пайыздан астамы білім алуда. Демек, бұл мамандықтарға сұраныс бар деген сөз. Оның басқа университетті бітіріп шыққан студенттен артықшылығы – бізде тереңдетілген іргелі информатика және математика оқытылады. Өйткені, кез келген ақпараттық технологияның негізі – дискреттік математика және математикалық логика. Біздің студенттер соның негізінде тереңдетілген білім алады. Өздері есептердің шешімін шығарады. Оларды кейін 3-4-курста ғылыми жобаларға тартамыз және шетелдің зерттеу орталықтарына жібереміз де жалпы әлемдік деңгейдегі маман болып қалыптасуына бағыттаймыз. Қазір, мемлекеттік индустриялды даму бағдарламасына сәйкес, біздің ҚазҰУ индустриядағы ақпараттық технологиалар бағыты бойынша мамандарды дайындайтын негізгі университет болып белгіленген. Сондықтан біз биылдан бастап магистратураға 150 студентті қабылдаймыз. Олардың бәрі индустрияландыруға қатысты ақпаратты технологияларды енгізуге қажетті мамандар. Және осыған қосымша 200 магистрантты индустриалды химия мамандығына қабылдаймыз.
Жас қазақ:
Осы олимпиадада озық шыққан дарынды оқушылар «қара шаңырақ» –
ҚазҰУ-дан білім алғысы келетін шығар?

Д.Ахмед-Зәки:
Әрине, біздің оқу орында дарынды балалардың оқығысы келетіні анық. Біздің олимпиаданы өткізудегі басты мақсатымыз – осы ақпараттық технологиялар бағытындағы мамандар көп болып, кәсіби сапалы білім алып, жұмыс істесе деген ой. Қазір кез келген білім ордасы шетелден келетін студенттерді қабылдағысы келеді. Сол арқылы өз оқу орнының білім деңгейін көрсетуді қалайды. Университетімізде оларға арналып ағылшынша оқыту топтары ашылған. Егер осы олимпиададан озық шыққан оқушылар біздің Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен білім алғысы келсе, онда есігіміз ашық. Тіпті біз олардың арасындағы талантты жастарға жеңілдік және ерекше жағдай жасауға дадайынбыз.

Көпшілігінде мұндай талантты жастар университетте білім алумен қатар өздерінің біліктілігін арттыра отырып, бір өмірлік кәсіби жобасын жүзеге асыра алады. Мысалы, әлемдік деңгейде белгілі «Google», «Twitter», «Facebook» атты инновациялық жобалар – бұлар студенттік деңгейде ойлап шығарылып жасалған жаңа технологиялар негізіндегі компаниялар. Бас кезінде оларда да қаражаты аз, тек идея ретіндегі жобалар болатын. Біз олимпиадаға қатысқан дарынды балалардың ішінен осындай жобаларды жасай алатын оқушыларды немесе осындай жаңа технологияға бейім жастарды қолдауға дайынбыз. Ол біздің университеттің даму стратегиясымен сәйкес келеді. Бұл негізде, шетелде зерттеулік және кәсіпкерлік тұрғыда қалыптасқан жаңа ағымдағы университеттер бар. Ғылыми ізденістің ең соңғы үлгісінде студентке білім берілсе, соның нәтижесінде жастар өз бизнесін жүргізсе, ол құптарлық дүние. Сол арқылы келешекте біздің елімізге, университетке немесе өзіне жағдай жасаса, бұл алған білімнің, жаңа технологияның жеткен жетістігі болып саналады. Ондай студенттер біздің оқу орында бар. Олар студенттік бизнес-инкубаторлар негізінде жұмыс жасайды.
Жас қазақ:
ҚазҰУ-дың өзінің ақпараттық технологиялар бағыты бойынша деңгейі қандай?
Д.Ахмед-Зәки:
Былтыр американдық Great Valley агенттігі біздің университетті технологиялық тұрғыда дамыған әлемдік деңгейдегі 50 университеттің қатарына кіргізген болатын. Біз сол 50 оқу орынның ішінде 31-орынға табан тіредік. Мұның басты негізі – әлемдік деңгейдегі алпауыт компаниялар біздің университетте өз орталықтарын ашу. Мәселен, «Samsung», «Microsoft», «HP», «Cisco», «Intel» компаниялары бізде өздерінің орталықтарын ашқан. Ол орталықтардың негізінде механика-математика факультеті ішінде ғылыми-тәжірибелік ізденістер мен терең зерттеу жұмыстары жасалады. Сондай-ақ осы орталықтарда біздің студенттер мен мұғалімдерді сертификаттаудан өткізуді де қолға алынған. Нәтижесінде, студент ақпараттық технологиялар бағыты бойынша заманауи білім алып, өзінің кәсіби біліктілігін арттырады.
Оқу орны ішіндегі ақпараттық технологияларды дамыту дәл өз университеті­міз­де де кеңінен таралған. Мысалы, оқу үрдісін толыққанды басқару үшін бізде – «Универ» жүйесі енгізілген. Оған студенттің оқуға түскен күнінен, ҚазҰУ-де оқып бітіргенге дейінгі барлық студенттік жылының жылнамасы енеді. Тіпті оқуды бітіріп, жұмыспен қамтамасыз ету платформасы да жұмыс істеді. Жұмыс беруші мен біздің оқу орнын бітірген студенттер бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасай алады. Бұл шаралардың барлығы жалпы «Е-campus» жобасы шеңберінде жүзеге асуда.
Жас қазақ:
Шетелден сатып алған бағдарламалар біздің елдің ішкі құпиясына қаншалық қауіпсіз?
Д.Ахмед-Зәки:
Шетелден бағдарлама сатып алсаңыз, ол «қара жәшік» сияқты болып көрінеді. Оның ішінде не бар, не жоғын ешкім білмейді. Бағдарламаға ақпарат енгізіледі де нәтижесі шығады. Басқасы жұмбақ. Біздің университеттегі студенттерге қойылатын талап – студенттер тек пайдаланушы ғана емес, сол «қара жәшіктегі» бағдарламаны өздері жасап шығару. Немесе толықтай жасап шыға алмаса да, сол бағдарламаның қалай жұмыс істеп тұрғанын түсіну. Бұл арада бағдарламаларға қатысты бірнеше бағыт бар. Бірінші – бағдарламалардың кодын жазу. Екіншісі – аналитикалық тұрғыда сол бағдарламалардың қалай жұмыс істеп тұрғанын бағалау. Үшіншісі – маңызды ақпаратты қорғау. Бұл өте күрделі бағыт. Бұл үшінші бағыт бойынша мемлекеттік мекемелерге қатаң талаптар енгізіліп жатыр. Мәселен, ақпарат қандай деңгейде, қаншалық құпиялы түрде тасымалданып жатыр? Ішінде қандай қауіп-қатер туындауы мүмкін? Соның бәрін бақылайтын, бағалап отыратын мамандар керек.
Жас қазақ:
Ақпараттық технология шетелде ең көп табыс көзі болып саналады, ал сіздердің университет студенттері өз мамандықтарынан қаражат тауып жатыр ма?
Д.Ахмед-Зәки:
Осыдан 3 жыл бұрын механика-математика факультетінің жанынан «Алгоритм» атты Бизнес-инкубаторын ашқанбыз. Ең алғаш 21 студенттік топ іріктелініп алынған болатын. Қазір соның ішінде 7 топ жақсы жұмыс істеуде. Ондағы мамандардың кейбіреулерінің айлық қаржы айналымы 100 мың теңгеден бастап 1,5 млн теңгеге дейін жетеді. Ол жерде кілең студенттер жұмыс істейді. Арасынан көшбасшылары шығады және олар тапсырыстарды іздеп тікелей қабылдайды. Олардың бизнестік жобасы дұрыс жүруі үшін біз факультет тара­пынан көмектескен болатынбыз. БАҚ-қа олар туралы толық ақпарат беріп, тұрдық. Оларды бүкіл Қазақстанға таныстыру жұмыстарын жасадық. Сондай-ақ ақпараттық технологиялар бағыты бойынша осы уақытқа дейін жетістікке жеткен компаниялардың басшыларын университетке шақырдық. Олар өз тәжірибелерімен бөлісті. Қандай қиыншылықтар болды. Одан олар қалай шықты, қалай шешті? Соның бәрі жұмыс жасап жатқан студенттерімізге көп көмек болды. Студенттеріміз «Математика және механика институты» негізінде 1,2-курстан бастап жобалық қаржыландыратын жұмысқа араласады. Ол қарапайым жұмыс болуы мүмкін. Мысалы, электронды кітап жасап шығару. Оның технологиялық тұрғыда қиын жұмысы жоқ. Анимациялық өңдеу, бейнені түрлендіру және мультимедиялық технологияларды білу деген сияқты. Оны біздің университеттің Механика-математика факультетіндегі кез келген студент 2-курстан бастап біледі. Сол жобаға катысқан студенттерге бір немесе екі шәкіртақы көлемінде қаражат төленіп тұрды. Екінші жағынан, талантты студенттерді терең ғылыми ізденіс жұмыстарына да қатыстырамыз. Көпшілігі кейін сол ғылыми бағыттарын магистратурада және докторантура да жалғастырады.

Жас қазақ:Жалпы ақпараттық технология бойынша күрделі бағдарлама жасау үшін немесе басқа да технологиялық жұмыстар үшін жақсы компьютер керек шығар?
Д.Ахмед-Зәки:
Әрине, жақсы деңгейде жұмыс жасау үшін заманауи құрал-жабдық керек қой. Қазір біз екі президенттің – Қазақстан мен Қытай басшыларының келісімі­мен көрші елден келетін супер­компьютерді күтіп отырмыз. Ол бізге не үшін керек?
Мәселен, бүгін әлемдік деңгейде химиялық өндірісте қажетті күрделі химиялық қосындыларды және реакцияларды көп зерттеушілер қолмен жасап, жұмыс істемейді. Оның бәрі компьютерде есептеулер арқылы жасалады. Ал ондай есептеулерді жүзеге асыру үшін жоғары өнімді суперкомпьютерлер қажет. Келесі, мұнай-кен орындарын өңдеу де бүгінгі жаңа ғасырдың, озық ақпараттық технологияның жұмысы. Мұнай қыртысында жалпы мұнай мөлшерінің көлемін мұнайшы мамандар білуі мүмкін. Бірақ сол мұнай-кен орындарын дұрыс игеру және пайдалануда қандай тиімді технологияларды қолдануын бағалайтын күрделі модельдеу әдісін жан-жақты есептеу үшін де суперкомпьютер керек.

Тағы бір өзекті бағыт – экологиялық есептерді есептеу. Мысалы, Арал өңірінде қандай экологиялық өзгерістер болып жатыр? Ауа, су тасымалы қалай бағаланады? Осыны тез уақытта есептеп, дұрыс шешім қабылдау үшін де суперкомпьютерлік технологиялар көмегін тигізеді. Жаңа модельдерді құру және соларды пайдалану деңгейіне дейін жеткізу, біздің мамандардың қолынан келеді.

Әлемдік деңгейді қарасаңыз, көп жағдайда суперкомпьютерлері бар мемлекет дамыған мемлекеттер қатарында. Өйткені, оларда күрделі инновациялық өндіріс бар. Ондай өндіріс болған жерде жаңа «үлкен» есептер туындап шығаруды қажет етеді. Ал онымен жұмыс істейтін маман керек ғой. Біз қазір ондай күрделі есептерді суперкомпьютермен есептеуге дайынбыз. Өйткені, соңғы жылдары біз Германия, Франция, АҚШ, Қытай, Ресей ғалымдарымен бірге бірлесіп, жұмыс жасадық. Оның ішінде әлемде өзекті есептерді шешуге бағытталған жобалар да бар. Мысалы, үлкен күрделі мұнай кен орындарын компьютерлік модельдеу және үлкен көлемдегі мағлұматтарды өңдеу «big data» жобалары бойынша жұмыс жасап жатырмыз.

Бұл жобалардың академиялық тұрғыдан да ұтымдылығы зор. Өйткені, Франция серіктестерімізбен бірге ғылыми жұмыстарымен қатар біз «қос дипломдық» оқу бағдарламалар жобасын енгізіп отырмыз: біздің студенттер бір жылын ҚазҰУ-да, ал қалған жылын Францияға барып, Лотарингия университетінде оқиды. Нәтижесінде, қос диплом алып шығады.

Жалпы, мұндай жұмыстар басқада бағыттар бойынша да жасалуда. Біз былтырдан бастап Корея университеттерімен бірлесіп, био-медициналық бағытты ашқанбыз. Бұл адамның өмір сүруіне қатысты жобалар. Өйткені, Кореяда медицина саласы жақсы дамығаны белгілі. Келешекте 500 орындық үлкен клиника ашу да жоспарымызда бар.
Қазақ елінің әлемдік жаhандану үрдісіне енуіне сәйкес, жаңа саладағы мамандар қажет. Солардың бірі – Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы және Еуразия экономикалық одақ жобасы пен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы шеңберлерінде белсенді жұмыс атқару үшін сарапшылар қажет. Мемлекет тағдырына қатысты мұндай ірі істе біздің оқу орын тыс қалмауы керек. Сондықтан біз экономикасы мықты, экономикалық тәжірибесі озық елдермен бірлесе отырып, жаңа мамандар дайындаймыз. Олар қазақ елінің әлемдік экономикалық мәселелерін шешуге атсалысатын болады. Бұл бағытта да университетімізде жаңа оқу бағдарламалары биылдан бастап жүзеге асырылады, оның ішінде Исламдық қаржыландыру, халықаралық сауда және халықаралық маркетинг салалары бойынша.

Жас қазақ:
ҚазҰУ-дың болашаққа бағытталған жобасымен бөліссеңіз.
Д.Ахмед-Зәки:
Біздің университеттің өзінің стратегиясы, өзінің болашаққа арналған мақсат-міндеті бар. Әлемдік деңгейдегі озық оқу орындарының қатарына ену, оқу бағдарламалардың сапасын арттыру және өзіміздің тікелей жұмыс берушілермен өндірістік қарым-қатынасты арттыруды жоспарға алғанбыз. Екінші жағынан – ғылыми ізденістер сапалы практикалық тұрғыда елімізге пайдасын тигізуі керек. Кез келген әлемдегі алдыңғы қатардағы университеттер осы бағыттарды ұстаным ретінде қабылдайды. ҚазҰУ – әлемдік деңгейдегі 300 университеттің қатарына енген жалғыз қазақстандық университет. Осы орынды сақтап келешекте жоғарлау мақсатында ҚазҰУ өз даму жобасын әрқашанда жаңартып отырады. Ол үшін университетке мемлекет тарапынан да үлкен қолдау және қаржылық көмек қажет. Шетелде өзінің мықты университеттері әлемдік деңгейге көтеріліп, бәсекелестік жағынан сай болу үшін, оған жан-жақты мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Қазақстан десе, ҚазҰУ еске оралатындай, біздің университет көзге елестейтіндей әлемдік деңгейге жету жоспарымыздың басы.
Жас қазақ: Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Жарас КЕМЕЛЖАН