Егемен Қазақстан

23.01.2016

Көрулер: 731

Ұлттық зерттеу университеттері

Оған заманауи көзқарас қандай болуы тиіс?

Еліміздің нарықтық негізге көшуінен басталған, соңғы екі онжылдықта Қазақстанда орын алған өзгерістер экономика мен әлеуметтік салаға, соның ішінде білім беру ісіне де әсер етті. Ахмет Байтұрсынов айтқан білім жарысы нарық заманында нағыз бәсекелік сипатқа ие болды. Қазірде жоғары оқу орындары жұмысының тиімділігі олардың талапкер тартуымен ғана сипатталмайды. Оқу үдерісінің сапалылығы, әдістемелік, ғылыми, халықаралық, жаңашыл және бизнес саласына қатысуы да білім ордасына сын. Білім ордаларының инновациялық деңгейін арттыруы, олардың өндірістік кәсіпорындармен байланысын күшейтуі, еңбек ресурстарын басқару саясатын жетілдіруі оның менеджментіне заманауи көзқарасты талап етеді. Ғылымды, инновацияны, кәсіпкерлікті дамыту ел экономикасын арттырудың тегершігі десек, бұл орайда жоғары білім ордаларының алар орны ерекше.

Қазірде өндірістің жекемен­шік секторына студенттерді тех­никалық маман ретінде даярлау проблемасы еуропалық бі­лім беру жүйесі бас ауруының бірі болып саналады. Өйткені, олардың теориялық дайындығы басымырақ болып келеді, практика кенжелеп қалады. Кейбір мемлекеттер арнайы политехникалық институттар немесе университет шеңберінде практикаға бағыт­талған тренингтік бағдарламалар құруға талпынуда. Еуропа универ­ситеттерінің барлығы дерлік мем­лекеттік, сондықтан білім орда­сының бюджеті толығымен үкі­меттің қаржысы есебінен қалып­тастырылады. Мысалы, Ұлы­британия университеттері фа­культеттерінің бюджетін арнайы формулярлар негізінде ми­нис­трлік бекітеді. Осындай жүйені Германиядан да көруге болады.

Қарастырылып отырған мәсе­ле шеңберінде Ресей Федера­циясының тәжірибесі белгілі дәре­жеде қызығушылық туғы­зады. Ресейде ұлттық зерттеу университеттерін құру эко­номи­каның жоғары технологиялы секторын дамытуға байланысты салмақты жобаларды жүзеге асыру қажеттілігі тұрғысынан туындады. 2009 жылдың қаңтарында «Білім беру» ұлттық жобасының шеңберінде Ресей Федерациясы президентінің жарлығымен ұлт­тық университет жүйесін қалып­тастыруға бастапқы қадам жасалды. Аз уақыт ішінде ұлттық зерт­теу университеттерінің клас­сикалық жоғары оқу орындарынан сапалық өзгешелігін көр­сететін факторлары нақты түр­де қалыптастырылды. Алғаш­қыда ұлттық зерттеу универ­ситеттерінің санатына 14 жо­ғары оқу орны кірген еді, ал қа­зір олардың саны 29-ға жет­ті. Ғылыми-зерттеу және инно­ва­ция­лық қызметтің даму тұжы­рымдамасының ережелері не­гізінде Ресей Федерациясының жоғары ғылыми-зерттеу универ­ситеттерінің (ҒЗУ) өздеріне тән белгілерінің жиынтығы анық­талды және олар басқа үлгі­дегі ЖОО-дан нақты түрде ерек­шеленеді. Мысалы, олардың іші­нен студенттердің ғылыми және зерттеу жұмыстары барлық пәндердің білім беру практикасына енгізілуін, ғылыми-техникалық даму базисі ретінде университеттің әлеуметтік-эко­номикалық мәр­те­бесінің өзгер­тілуін, нақ­ты эко­номи­ка секторымен инно­ва­­­циялық өндіріс түріндегі ты­ғыз ұйымдастырушылық және позициялық байланыстар­ды қалыптастыруды, ғылым­ның басты салаларында халық­аралық ынтымақтастықты ұйым­дастыруды дамытуды айтуға болады. Қазір Қазақстанның «Ғы­­лым туралы» заңында ғы­лы­ми және инновациялық қыз­мет үшін кадрлар даярлауға ба­ғытталған және инновациялық экономиканың белсенді өсу нүк­тесі бола алатын зерттеу уни­вер­ситеттері ұғымы енгізілген. Зерт­теу университеттері арнайы мақсатты бағдарлама бойынша дамуы тиіс. Өте жоғары деңгейде ғылыми-зерттеу жүргізулері және олардың нәтижесін практикаға енгізуді қамтамасыз етулері қа­жет. 2014 жылы Қазақстан Пре­зидентінің Жарлығымен елі­міз­дің индустриялық-инно­вациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемле­кеттік бағдарламасы бекітілді. Ин­дустрияландырудың екін­ші кезеңінің мақсаты – әрта­рап­тануды ынталандыру, өңдеуші кәсіпорындардың бәсекеге қа­білеттілігін көтеру, тиімділікті арт­тыру және экономиканың басым секторларында қо­сымша құнды ұлғайту болып та­былады. Бұл, жалпы алғанда, Ота­нымыз­дың жоғары білім беру жүйесіне тиянақты талаптар болатындығын айқындайды.

Білім және ғылым министрлігі алқасының 2014 жылғы 31 қаң­тардағы қаулысымен ғылым мен білім интеграциясы мәселелерін қамтыған Жол картасы бекітілді. Ол қамтитын негізгі бағыттар бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Білім және ғылым министрлігінің ғылыми-зерттеу институты, Ғылым комитетінің ғылыми кадрларды дайындау біріккен жобасы жүзеге асырылды. Магистранттар мен PhD докторлар дайындалады. Сонымен қатар, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті базасында ұлттық зерттеу универ­ситеттері құрылды. Осылайша, елімізде ұлттық зерттеу универ­ситеттерін құруға жол ашылды.

Сонымен, ұлттық зерттеу уни­верситеттері қандай болу керек? Олардың тек ғылымды дамыту және білім беру ғана емес, сондай-ақ, білімді басқару, озық технологияның экономикаға ен­гізілуін қамтамасыз ету, іргелі және қолданбалы зерттеулер жасау, магистрлер мен PhD докторларын дайындаудың тиімді және біліктілікті жетілдіру бағ­дарламасының дамыған жүйесін табуы маңызды болмақ. Біздің ойымызша, мұндай жоғары оқу орындар жүйесі елдің ғылыми-техникалық кешенінің дамуына және оны қажетті еңбек ресурста­рымен толық қамтамасыз етуге дина­микалық түрде ықпал етуі тиіс.

Қазақстандағы ұлттық зерт­теу университеттері қазір жоға­ры оқу орындары базасында қа­лыптастырылатын болады. Сту­­денттерді инновациялық жо­балауға, ашылған ғылыми жаңа­лықтарды коммерциялауға үйрету, алға қойған мақсаттарға сәйкес басқаруды ұйымдастырудың жаңа жүйесін құру олардың негізгі мақсаттары мен міндеттеріне жатады. Мұның дамыған елдерде жақсы үлгілері бар. Мы­салы, АҚШ-тағы ұлттық зерттеу универ­ситеті – Массачусет техно­логиялық институтын (MIT) алайық. Институттың бір жыл­­ғы табысы 2,644 миллиард доллар болады, оның 51,9 пайызын зерттеулер мен жасақ­тамалардан алынған табыс құрайды, эндаумент – 7,982 миллиард доллар, институт түлектері құрған жеке кәсіпорындар саны – 25800. Институт түлектері құ­р­ған компаниялардың жыл сайын­ғы қосымша табысы – 2 триллион доллар. Жыл сайын 4232 адам бакалавр, 6152 адам ма­гистр мен докторант болып шығады. Барлық оқу үдерісі мен ғылыми жасақтамалар өзін-өзі қаржыландыруға негізделген.

Озық елдердің зерттеу уни­верситеттеріндегі қолданылып келе жатқан басқаруды ұйым­дастыру жүйесі негізінен гори­зантальдық байланысқа құрылған, жоғары деңгейдегі қызметкерлерді негізінен инновациялық қызметке бағыттайды. Осылайша, ұлттық зерттеу университеттеріндегі бас­қа­руды ұйымдастырудың жаңа жүйесі құрылымының зама­науи беталысына сәйкес келуі қа­жет. Мұндай нәтижеге жету үшін, бірінші кезекте, жұмыс іс­теп тұрған басқару жүйесіне қайта құру жүргізу керек, он­да университеттің барлық кафе­драларының кооперацияларын синергетикалық нәтиже беруге бағыттаған дұрыс деп ойлаймыз. Университетте тұйық цикл, яғни білім беру, зерттеу және инновациялық кәсіпорын құру ғана болуы тиіс. Бұл, жинақтап айтар болсақ, кадрларды дайын­дау, инновациялық идеялар және оларды тудыра алатын және өн­діріске енгізетін кадрлар деген сөз. Инновация тудыру – генерация үздіксіз және мүмкіндігінше көпшілікті қамтуы болуы керек. Тек осы жағдайларда ғана ғылыми зерттеу университеттерінің қыз­мет үдерісі жемісті болмақ.

Ұлттық зерттеу универ­сите­тінің түлегі талдауды, жобалау­ды және оны жүзеге асыруды қажет ететін кәсіби жағдайларда жүйелі іс-әрекетке дайын бо­ла алатын, демек, креативті, шығар­машылықпен жұмыс істеу­ге қабілетті, бойында ойлау шап­шаңдығы бар, қажет болғанда тез шешім қабылдауы тиіс. Әр пән­нің мақсаты – студенттер үшін жаңа білім көкжиегі болады. Студент жобалау немесе қолданбалы зерттеу барысында өз бетімен білім алып, зерттеу функцияларының дағдысын меңгереді. Кәсіби дайындалған кадрларға сұраныстың өсуі, сонымен қатар, белгілі бір мамандар санатына бизнес тарапынан тапсырыс болған жағдайда жоғары оқу орны профессорлық-оқытушылық құрамды тиімді пайдаланбай мақ­сатқа жете алмайды. Ол үшін профессорлық-оқытушылық құ­рамды ұстауға жұмсалатын шы­ғынды азайту қажет. Мысалы, жоғары оқу орнынан кейінгі білім бағдарламаларына таңдау жасай отырып, бакалавриатқа кететін шығынды төмендету керек. Мысалы, Білім және ғылым министрінің 2013 жылдың 25 қазанындағы № 434 бұйрығымен бекіткен жоғары оқу орнына қойылатын талаптарда білім алушылар үлесі бакалавриатқа – 65, магистратураға – 35, док­то­рантураға – 35 пайыз көр­се­тілген. Бірақ бакалаврдың ма­гистранттарға, PhD доктор­ларға деген сандық арақатынасы анық­талмаған. Біздің көзқарасымыз бойынша, бакалавриат бағдар­ламасы түлектерінің саны ма­гис­тратура және PhD докторан­тура бағдарламаларының тү­лектері санынан әлдеқайда аз болуы тиіс. Оқу ағынын ірі­лен­діру және білім беру бағ­дарламаларын бірыңғайлау немесе бакалавриаттың бір бөлігін қашықтықтан оқыту техноло­гиясын пайдалана отырып оқы­туға көшіруді бакалавриат шы­ғынын азайту жолдары ретінде қарастыруға болады. Ал жоғары оқу орнынан кейінгі білімге келетін болсақ, магистранттар, рези­дентура тыңдаушылары, адъюнк­тер мен докторанттар қата­рына қабылдауға жоғары, яғ­ни аймақтық ЖОО-ның қабыл­дану­шыларына қойылатын шарттардан әлдеқайда бөлек талаптар қою қажет.

Өнімді қызметтің тұйық циклын, яғни білім беру, зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру және инновациялық кәсіпорын құру үшін кадрлар мен инно­вациялық идеялар және оларды тудыра алатын, өндіріске енгі­зетін кадрлар дайындауға бағыт­талған университеттің жаңа стратегиясы болуы тиіс. Сала­лық маман­дандыруды еске­ре отырып, инновациялық зерт­теулердің бағытын қажетті кәсі­би кадрларды дайындауға, сол сияқты кәсіпорынға иннова­цияны игертуге жауапты профессор-оқытушылық құрам­ды ұйымдастырумен біріктіре қалып­тастыру қажет. Бұл жағ­дайда жоғары оқу орны жалпы­инс­титуттық іргелі кафедраларды бөлек блокта қалдырады. Мамандандырылған салалық кафедралардың профессор-оқы­тушылық құрамын қамту арқылы реформалануы мүмкін. Кадрларды сапалы даярлау жүйесін құру және зерттеу жұмыстарын жүр­гізу үшін білім ордасы жалпы бюджетінің 10-15 пайызы көле­міндегі қаржыны жыл сайын материалдық-техникалық базаны жаңартуға бағыттау дұрыс болады деп ойлаймыз. Ұлттық зерттеу университеттерінде құрылатын жаңа зертханалар еліміздің басқа жоғары оқу орындарында ашылып жатқан дәстүрлі зертханалардан едәуір өзгешелендірілуі тиіс. Ол үшін тәжірибелер мен эксперименттер жүргізуде аса жоғары дәлдікті нәтиже алуға мүмкіндік беретін заманауи, жоғары тех­но­логиялық жабдықтар мен құралдар таңдалатыны белгілі.

Тағы бір маңызды көрсет­кіш – ұлттық зерттеу универси­теттерінде жүргізілетін ғылыми-зерттеудің сапасы басты көрсет­кіш болып табылады. Ұлттық зерттеу университеттері өз жұмыс­тарына белгілі профессорлар мен зерттеушілерді шақырады, сондықтан да бұл университет­терге тапсырыс берушілер өзде­рінің маңызды және қым­бат тұратын зерттеулерін сеніп тапсырады. Сол себепті да грант­тық іргелі ғылыми-зерт­теу жобасы, бағдарламалы-мақ­сатты қаржыландыру шеңбе­рінде жүр­гізілетін ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тары мен шаруа­шылық­тардан келісімшартпен түскен қар­­­жы университет бюджетіндегі табыс­тың ауқымды бөлігін құ­райтын болады.

Университеттің профессор-оқытушылық құрамы дәйек­сөздерінің саны, яғни, олардың ғылыми мақалаларының мәтін­дері санының осы университет профессор-оқытушылық құ­­ра­мының жалпы санына ара­қатынасы – ұлттық зерттеу уни­верситеттері зерттеулерінің са­палық көрсеткішіне толық кепіл болады. Ғылыми жарияланымдарда кездесетін мәтіндер көзі – Web of Science (Thomson Reuters) платформа, Scopus және Google Scholar іздеу жүйесіндегі ғылыми сипаттағы жарияланымдардың үш ірі библиографиялық мәліметтері болып табылады. Ұлттық зерттеу университеттерінің профессор-оқытушылық құрамын жұмысқа қабыл­дау немесе оларды мансап­тық жоғарылату кезінде қойы­латын талаптардың күшейтілуі де зерттеу сапасына ықпал етеді. Қыс­қасы, барлығы да ғылым мен ұстаздықты ұштастырған тұлғалардың деңгейіне тікелей байланысты.

Халықаралық тәжірибелердің көрсеткеніндей, бүгінгі күні зерттеу қызметтерінің коммерциялық бағыт алуы жоғары оқу орында­рының кәсіпкерлік қызметтерін жүзеге асырудың кең таралған тетігі болып табылады. Техно­логиялардың коммерция­ла­нуы деп ғылыми-зерттеудің нәти­же­лерін пайдаланып табыс табуға бағытталған кез келген қызмет түрі айтылады. Бүгінде инновациялық кәсіп­керлік қызметті жоғары оқу орындарының уақыт ағымына ілесуі ғана емес, оны адам ресурстары – ғалымдар мен кә­сіп­­керлер деп түсінгеніміз абзал. Мысалы, Питтсбург уни­вер­­ситетінде зерттеулерді ком­мер­ция­ландырудағы ғалымдар еңбегінің марапатталуын кө­те­руге арналған тұтастай бағдар­лама жасалған. Дегенмен, қазақ­стандық жоғары оқу орындарын институттық автономия алуы­­­ның болашағы тұрғысынан ал­ғанда, олардың инновациялық кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру, эндаумент-қорлар, орталықтар құру мен дамыту арқылы тапқан табысты әртараптандыруға деген құлшынысы байқалады.

Университет пен бизнес арасында нәтижелі байланысты дамытуға күш салу, технология трансферінің дамуына, қосымша білім беруге, жоғары сұранысты түлек­терді даярлауға ерекше назар аудару ұлттық зерттеу уни­верситеттерінің бола­шақтағы стратегиялық мақсаты болуы тиіс. Болашақта бел­сенді инновациялық маман-зерт­теушілерді оқытып, теория мен практиканың өзара қа­рым-қатынасына орта қалып­тастыру ұлттық зерттеу универ­ситеттерінің басқа жоғары оқу орындарынан басымдығын анық­тайды. Ұлттық зерттеу универ­ситеттері ғылымның кадрлық әлеуе­тінің, оқу үдерісі мен ғылы­ми қызметтің, жоғары технологиялар мен кәсіби білім беру­дің дамуы мен қорғалуына деген жауапкершілікті өзіне алуға қабілетті болады. Бұл олардың қыз­метінің барлық негізгі пара­метрлеріне жоғары талаптар қоюды қажет етеді.

Әбдірахман НАЙЗАБЕКОВ,

Рудный индустрия институтының ректоры,

техника ғылымдарының докторы, профессор.

РУДНЫЙ.