ҚазҰУ мен М. Ломоносов атындағы ММУ ынтымақтастық туралы келісті

26.01.2016

Көрулер: 1382

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Бүгін Мәскеуде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті арасындағы ынтымақтастық туралы Келісімге қол қою рәсімі өтті.

Құжаттарға университет ректорлары Ғалымқайыр Мұтанов пен Виктор Садовничий қол қойды.

Келісімде өзара студент пен оқытушы алмасу, ғылыми тәжірибеден өту мен бірлескен білім бағдарламаларын жүзеге асыру, академиялық кездесулер ұйымдастыру, бірігіп ғылыми зерттеулер жүргізу, т.б. қарастырылған.

Қол қойылған келісім Еуразиялық экономикалық одақ құру аясында туындаған көптеген ғылыми сұрақтардың жауабын бірігіп табуға мүмкіндік береді», - деді ҚазҰУ ректоры.

Ол беделді QS (Ұлыбритания) халықаралық рейтинг агенттігінің қыркүйек айындағы зерттеулер қорытындысы бойынша ТМД-дан үздік-300 университет қатарына: ММУ, СпбМУ, ҚазҰУ енгенін еске сала кетті. Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры сөз кезегінде қазақстандық әріптестерімен бұрыннан ынтымақтасып келе жатқанын атап өтті.«Бізді біріктіретін бірнеше байланыс бар: біз доспыз, әріптеспіз. ҚазҰУ түлектері ММУ-дің аспирантурасында білім алса, керісінше ММУ түлектері ҚазҰУ аспирантурасында білімдерін жалғастырған кез болды. Өзара келісім ММУ-дің туған күні жасалды. Жаңа келісім, біздің қарым-қатынасымызға жаңа серпін береді деп үміттенемін», - деді В.Садовничий.