massaget.kz

25.01.2016

Көрулер: 682

ҚазҰУ түркі елдері арасындағы үздік ЖОО атанды

Түркі халықтарының халықаралық конгресі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне «Түркі елдері арасындағы үздік ЖОО» атағын берді. Бұл туралы жоғарғы оқу орнының ресми сайты хабарлап отыр.

Халықаралық марапатқа лайық болған қазақстандық жоғары оқу орнын Түркі халықтары халықаралық конгресінің президенті Яхья Юсифоглы Алиев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымымен кездесу барысында хабарлады.

Әлемнің алты академиясының академигі, Түркі халықтары халықаралық конгресінің президенті, доктор Яхья Алиев бұл шешім 47 Түркі халықтары мен ұлыстарын біріктіріп отырған халықаралық конгрестің 2015 жылы желтоқсан айында өткен отырысында бірауыздан мақұлданғанын айтты. Содан соң ол ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтановты «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» атты алтын төсбелгімен марапаттады.

«Мен әлемнің көптеген үздік университеттерінде болдым. Бірақ, тек ҚазҰУ қайта құрылу ауқымдылығымен және әлемдік рейтингте азғана уақыттың ішінде айтарлықтай жоғары көрсеткішке қол жеткізгенімен таңқалдырады. Қазақстандық университеттің жоғары көрсеткішке қол жеткізгені мемлекет тарапынан адами капиталды дамытуға айтарлықтай көңіл бөлініп отырғандығының көрсеткіші және болашаққа жасалған инвестиция деп қарастыруға болады. Өскелең ұрпақтың болашағына қамқорлық танытудың бірден бір үлгісі ғылым мен білімге көп көңіл бөліп жүрген әлемдік көшбасшылардың бірі, ҚР Президенті Н.Назарбаев», – деді Яхья Алиев. ҚазҰУ-дың үздік университеттер қатарында екенін QS World University Rankings халықаралық рейтинг нәтижелерінен байқауға болатынын атап өткен жөн. Университет халықаралық рейтингте 275-орында тұрса, ал түркі елдері арасында бұл рейтингте бірінші болып, көш бастап тұр.

Марапаттау рәсімі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің туылған күнімен тұспа-тұс келді. 15 қаңтарда ҚазҰУ-дың негізі қаланғанына 82 жыл толды. Халықаралық марапат ҚазҰУ ұжымы үшін ғылым мен білім саласында жаңа жетістіктер мен марапаттарға шабыттандырар жағымды жаңалық болды.

http://massaget.kz/layfstayl/bilim/bilim-ordalary/36111/