Механика-математика факультеті


   Құрметті талапкер!

 Сонау 1934 жылы негізі қаланған Қазақстандағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің тұңғыш физика-математика факультеті ұлттық білім мен ғылым орталықтарының біріне және ағарту саласының алтын бесігіне айналды. Бұл тарихи миссия факультет үшін күні бүгін де – өте өзекті. Факультет барлық сынақтардан абыроймен өтіп математикадан, механикадан және ақпараттық технологиялардан елімізде кадрлар дайындау мен ғылыми зерттеулердің жетекші орталықтарының бірі болып отыр. Ғылыми зерттеу бағдарламалары ұлғайып, мамандар дайындаудың ең өзекті бағыттарындағы жаңа курстар жасалып, факультеттің материалдық базасы кеңейе түсуде. Студенттер іргелік білім алып, өздері таңдаған математика, механика және информатика салаларының заманауи бағыттарындағы ғылыми зерттеулерге белсене араласады.

  Факультеттің бүгінгі ғылыми жетістігі – факультетте жұмыс істеген және осы уақытқа дейін жұмыс істеп жүрген ғалымдардың бірнеше ұрпақтарының шығармашылығы мен ынтасының арқасы. Қазақстандағы математика мен механиканың ғылым ретінде дамуының кезеңдері факультет тарихында жарқын із қалдырған көптеген ғалымдардың есімімен тығыз байланысты. Қазіргі әлемнің нақтылығы біздің де уақытпен бірге қадам басып, факультетіміздің оқу үдерісін одан әрі жетілдіре беруді талап етеді. 

Механика-математика факультетінің ұжымы уақыт тынысының талаптарына сай ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыра түсу және оқыту үдерісін жетілдіру мақсатында қомақты жоспарлар жасап отыр. Ниеттеген жоспарды толыққанды жүзеге асыруға факультеттің пәрмені жеткілікті. Қазақстандағы тұңғыш механика-математика факультеті өз байрағын аспандата желбіретуден жалықпай, білім беру мен ғылымның барлық кезеңдерінде де Бірінші және студентердің, түлектердің, қызметкерлер мен ұстаздардың жүрегінде де Бірінші болып мәңгілікке қалады деген сенімдеміз.

Біз факультетімізде тамаша білім алуға құмар, жаңа білімге бейім және толыққанды сұхбатқа дайын, мақсатты, белсенді және ой-өрісі кең жастарды көруге әрқашан да қуаныштымыз. 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математика факультетінің деканы, PhD докторы, доцент Д.Б. Жакебаев