Химия және химиялық технология


Қымбатты достар!

Қазақстан Республикасында пайдалы қазбалардың, соның ішінде мұнай, көмір және уранның ауқымды қоры бар екендігі белгілі. Еліміз түсті металдарға да бай: Менделеевтің периодтық кестесіндегі 117 элементтің 99-ы Қазақстанда кездеседі. Осының бәрі көмірсутекті және минералды шикізатты талдау және өңдеумен айналысатын химиктер мен химик-технологтарды дайындауды қажет етеді. Сонымен қатар, экономиканың кез келген саласына жаңа технологияларды әзірлеу және енгізу химия және химиялық технология саласының мамандарынсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Осыған байланысты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультеті дайындайтын мамандар әрқашан еліміздің экономикасында сұранысқа ие болады.

2014 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультеті 80 жылдық мерейтойын атап өтеді. Факультеттің қалыптасуы мен дамуына ҚазКСР ҒА академиктері Ә.Б.Бектұров, Б.А.Бірімжанов, Д.В.Сокольский, М.И.Усанович, М.Т.Козловский сияқты ғалымдар орасан зор үлес қосты. 80 жыл бойы жинақталған тәжірибе, бай дәстүр, белгілі ғылыми мектептер, білікті профессор-оқытушылар құрамы, білім мен ғылым саласындағы биік жетістіктер - факультет болашағының жарқын екендігінің айғағы.

Қазіргі уақытта факультет 3 мамандық бойынша бакалавр, 8 мамандық бойынша магистрлар мен PhD докторларын дайындайды. Оқыту қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. «Химия» мамандығы ASIIN халықаралық агенттігімен аккредитацияланған. Факультеттің жаңа оқу ғимараты ҚазҰУ қалашығында орналасқан, оны 2009 жылы университеттің 75 жылдығына орай ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев ашқан. Факультет құрамында 5 ірі кафедра, 2 ғылыми-зерттеу институты, 3 факультеттік зертхана бар, олар жаңа заманауи құрал-жабдықтармен және аспаптармен жабдықталған. Факультетте 150-ден астам оқытушы қызмет етеді, олардың 50 – ғылым докторы, 90 – ғылым кандидаты, 15 – PhD. Олардың арасында ҚР Мемлекетік сыйлығының, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, «Ғылым бейбітшілік үшін» атты НАТО халықаралық сыйлығының, Қ.И.Сәтбаев, Д.А.Қонаев, Е.А.Букетов атындағы, «Тарлан», «Жастар» сыйлықтарының, «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегерлері бар.

Химия – бұл тек химия саласының ғана емес, бүкіл ел экономикасының дамуын қамтамасыз ететін ғылым. Заманауи тиімділігі жоғары технологияларды дамыту біздің ғалымдар әзірлеген жаңа материалдарды пайдаланумен байланысты. Факультет студенттері тек ғылыми мекемелерде ғана емес, химия, мұнай химиясы, фармацевтика, металлургия өнеркәсіптерінің кәсіпорындарында өндірістік практикадан өтеді.

Бүгінде факультет Қазақстанның химия-технологиялық мамандықтарының арасында алдыңғы қатарда және рейтингі ең жоғары. Факультет түлектері ғылыми, өндірістік және басқару салаларында, бизнесте жетекші орынға ие. Факультет студенттері элиталы кәсіби білім алу үшін және олардың өмірі қызықты және маңызды оқиғаларға толы болу үшін барлық жағдай жасайды.

Химия және химиялық технология факультетінің деканы,

химия ғылымдарының докторы Е.К.Оңғарбаев