Тарих, археология және этнология

Құрметті талапкерлер!

Тарих, археология жəне этнология факультеті отандық жəне шетел тарихы, археология, этнология, музей ісі, ескерткіштерді қорғау, мұрағаттану, кітапхана ісі саласы бойынша жоғары дəрежелі маман дайындау ісінде еліміздің көнекөз, ең мықты, мойындалған орталық болып табылады. 1948 жылы ҚазМУ-дың тарих факультеті тарих бөлімінен жеке факультет болып құрылды. Оның басында академиктер А.М. Панкратова, С.Н. Покровский, Қазақ КСР ҒА корреспондент мүшесі, т.ғ.д., профессор Е.Б. Бекмаханов сияқты ғалымдар тұрды. Сол жылы факультетті алғаш 18 адам бітіріп шықты. Егер алғашқы жылдары факультетте он адам ғана жұмыс  істеп, 300 студент оқыса, бүгінгі күні факультетте 80-нен астам оқытушы еңбек етеді, оның 27-сі ғылым докторы, 40 ғылым кандидаты жəне 5 PhD докторы қызмет етеді. Сонымен қатар факультетте Т.О. Омарбековтың, Қ.Т. Жұмағұловтың, Қ.С. Қаражанның, Ж.Қ. Таймағамбетовтың, Қ.М. Атабаевтың, У.Х. Шəлекеновтың, Ə.Т. Төлеубаевтың ғылыми мектептері қалыптасып, жұмыс істеуде. Бакалавр, магистр жəне PhD докторы үш сатылы жүйе бойынша мамандар дайындайды. Қазақстанның түрлі аймақтарында қызмет атқарып жүрген саяси жəне іскер элитада факультеттің түлектері де бар.

Тарих, археология жəне этнология факультетін бітірген мамандар тарих, археология, саясаттану жəне мəдениеттану салалары бойынша іргелі терең білім алып шығады. Оқу барысында шет тілдерін жетік игерудің жəне көптеген ұйымдармен кең байланыс орнатудың арқасында бітірушілер кейін қызықты əрі болашағы бар жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады. Факультет бітірушілері ғылым мен білім беру салаларымен қатар дипломатиялық жəне əкімшілік жұмыстарда, қарулы күштер мен ішкі істер саласында, ұлттық  қауіпсіздік комитетінде үлкен сұранысқа ие.

 

Тарих, археология жəне этнология факультетінің деканы, т.ғ.к., доцент

Ноғайбаева Меңдігүл Сағатқызы