1937 жылғы қамқорлығы үшін Оңтүстік Корея кәрістері қазақтарға алғыс айтты

06.08.2017

Көрулер: 210

Алматыда көп ұлтты қоғамда бейбіт өмір сүру тақырыбын талқылауға арналған 18-ші Бүкіләлемдік Корей форумы өтті.  

Форумды Қазақстанның Корей қауымдастығы және Алматы қаласындағы Корея Республикасының Бас Консулдығының қолдауымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Жаһандық корей қоры ұйымдастырды.

Аталған жаһандық корей қоры Еуропа, Азия, Солтүстік Америка мен Австралия елдеріндегі жетекші жоғары оқу орындарында 17 форум ұйымдастырған. Шараның пленарлық және секциялық отырыстарында бірқатар тақырыптармен бірге «1937 жылғы күштеп жер аудару туралы тарихи естелік» тақырыбы кең талқыланды.

Қазақстан мен Корея қарым-қатынасын сөз еткен Шығыс Азиядағы бейбітшілік мәселелері бойынша Халықаралық конференция комитетінің төрағасы Ли Бу Янг қазақтарға зор алғыс білдірді. «Қазақ халқы осыдан 80 жыл бұрын, 1937 жылы күштеп жер аударылған корейлерге атамекенінен қоныс беріп, қолтығынан демеп, қол ұшын берді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бастамасымен ұйымдастырылып жатқан форум да қазақтардың қонақжайлығының бір белгісі», - деді ол. Форумды ашқан ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Қазақстандағы ұлттардың мызғымас достығы мен бірлігі еліміздің орасан зор жетістігі екенін баса айтты. «Қазақ жеріне жер аударылғанына биыл 80 жыл толған корей диаспорасының Қазақстан халқының тату жанұясында өзіндік орны бар. Қазақстандық корейлер Корей түбегі мен Еуразия континенті арасындағы тұрақты көпір рөлін атқарады», - деді ол. Айта кетейік, 23 шілде күні Ресейдің Владивосток қаласынан кәрістердің жер аударылғанына 80 жыл толған оқиғаны атап өтуге арналған «Естелік пойызы» шықты. Ол пойыз осыдан 80 жыл бұрын күштеп жер аударылған он мыңнан астам корей келіп қоныстанған Үштөбе қаласына 1 тамыз күні жеткен болатын. Алматыда өткен форумға «Естелік пойызының» 80-ге жуық қатысушысы келді. Делегация өкілдері Үштөбеге жақын Бөстөбе жотасында орналасқан мемориалды кешенде жер аударылған корейлерді еске алу кешін өткізіп, қолдау көрсеткен қазақ халқына ризашылықтарын айтты.