"Егемен Қазақстан" газеті

06.05.2019

Көрулер: 184

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Оңтүстік Кореяның әріптестігі жалғасады

06.05.2019

Оңтүстік Корея Республикасының президенті Мун Чжэ Иннің биыл сәуірдегі Қазақстанға мемлекеттік жұмыс сапары аясында еліміздегі түрлі қоғамдық ұйымдарымен ғана емес, корей диаспорасының белді өкілдерімен кездескені белгілі.

Кореяның саяси элитасы инновациялардың маңыздылығын, ғылымның араласуын қажет ететін, әсіресе жастардың стартаптық компанияларын құрудың көкейкестілігін анық түсінеді. Ал мұндай халықаралық ынтымақтастық екі жаққа да тиімді болған жағдайда табыстылығы арта түспек. Сондықтан да Оңтүстік Корея Президенті жұмыс сапарының аса тығыздығына қарамастан, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің органикалық заттар, табиғи қосылыстар және полимерлер химиясы мен технологиясы кафедрасының меңгерушісі, профессоры Григорий Алексеевич Мунмен кездесуі маңызды оқиғалар қатарына қосылды.

Бүгінгі таңда екі ел арасындағы ынтымақтастық шын мәнінде дамып, нығая түсті десек, ол ауқымды инвестициялық жобаларды, мәдениет пен ғылым саласындағы тығыз өзара байланысты да қамтиды.

Президент Мун Чжэ Иннің «Кахак» Корей ғылыми-техникалық қоғамының президенті, профессор Григорий Мунмен кездесуі өте маңызды да жемісті болды. Қысқа кездесу барысында Григорий Алексеевич Мун Оңтүстік Корея Республикасының президенті Мун Чжэ Инмен қазіргі уақытта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары жұмыс істейтін іргелі идеялармен бөліскен болатын.

Бұл күндері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Оңтүстік Кореяның 47 бірдей университетімен және түрлі ұйымдарымен тікелей әріптестік қарым-қатынас орнатып, 52-ге тарта екі жақты мәмілелерге қол жеткізіп отыр.

Мәселен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың 2017 жылы Корея Республикасы Президентінің екі ел ғалымдарының халықаралық ынтымақтастығына қосқан көрнекті үлесі үшін Құрмет белгісімен марапатталуы да кездейсоқтық емес.

Ал жоғарыдағы келісім-шарттардың ауқымы кең: студенттер мен оқытушылар алмасу, біріккен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, профессорларды дәріс беруге шақырту, PhD-докторанттарының біріккен жетекшілігі. Сондай-ақ инновациялық технологиялар алмасу мен ғылыми-зерттеу істерінің  нәтижесін коммерциялау мақсатында, ҚазҰУ орталығы Кореяның жетекші университеттерінің ғалымдары мен мамандарының белсенді араласуы мен қолдауына сүйене отырып, қазірдің өзінде 2 ірі инвестициялық жоба жүзеге асты. Бұл «Медициналық-биологиялық кластер» және «Инжинирингтің инновациялық кластері мен ғылымды қажет ететін технологиялар» жобалары.

Қай кезде де ғылымдағы жаңалықтардың мойындалып, қолданысқа енуі өте үлкен кедергілерге тап келіп жатады. Ал қазақстандық ғалымдар үшін мемлекеттік басшылар тарапынан көрсетілген қолдаудың көмегі орасан зор.

Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің ғалымдары кездесу барысында ортаға салынған ғылыми жобалармен нәтижелі жұмыс істеп отыр.

 

АЛМАТЫ