"Егемен Қазақстан" газеті

17.05.2019

Көрулер: 152

Алматыда Ислам қаржы орталығы ашылды

Бүгін Астана Халықаралық Қаржы орталығы және Катар Хамад Бин Халифа университетімен ынтымақтастық негізінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің экономика және бизнес жоғары мектебінде бірегей Ислам қаржы орталығы ашылды.

Ислам қаржы орталығын құрудың негізінде  исламдық қаржы және қазіргі заманғы қаржылық технологиялар саласында мамандар даярлау жөніндегі бастамаларды қолға алу көзделген. Оқу бағдарламалары исламдық қаржы саласындағы көшбасшы Хамад Бин Халифа университетімен бірлесе әзірленіп, «Астана» халықаралық қаржы орталығының қолдауымен нақты сектор талаптарына сай бейімделген.

Университеттегі қаржы орталығының ашылу салтанаты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов пен Хамад Бин Халифа университетінің президенті Ахмад М.Хаснаның ресми түрде лента қиюынан басталды. Ректор Ғ.Мұтанов бірнеше тараптың ынтымақтастығы нәтижесінде есігін ашып отырған әлеуеті жоғары орталық посткеңестік деңгейдегі ауқымды нысан болғандықтан ел өміріндегі айтулы оқиға ретінде қабылдауға толық негіз бар екенін ерекше атап өтті. Академиктің айтуынша, ірі қаржы орталықтары тек елімізде ғана емес, әлемнің өзінде қадау-қадау. Әлемдік рейтингте оң нәтижесін көрсетіп отырған «Астана» қаржы орталығының қарқынды дамуынан кейін оның халықаралық мәртебесін әлемдік деңгейге көтеру үшін жан-жақты қолдау қажеттілігі туды. Университетте ашылып отырған жаңа орталық мамандар даярлап, сол қолдауды ғылыми жағынан да, салалық бағытта да жетілдіре түсу үшін жұмыс істемек. Он жыл бұрын басталған әзірлік жұмыстарының негізінде дүниеге келген орталықтың стратегиялық маңызы аса зор. Қаржылық биржа орталығы қызметін қоса атқаратын ірі орталық қажетті заманауи сандық технологиялармен жан-жақты жабдықталған. Осы мүмкіндігіне орай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ исламдық қаржыландыру аясындағы білімді ұлттық деңгейде және бүкіл Орталық Азия аймағына да мультипликациялауды мақсат етіп отыр. ҚазҰУ негізінде исламдық қаржы бойынша теориялық және тәжірибелік қаржылық сауаттылықты арттыруға, исламдық банк секторын жандандыруға, сондай-ақ исламдық бағалы қағаздар биржасының субъектілер санының өсуіне ықпал етеді. Бұл жерде ғылыми және қаржылық мәселеге байланысты барлық іс-шараларды өткізу жоспарланған. Жиынға қатысқан қонақтар Қазақстан экономикасы мен бизнесі үшін қызмет ететін келешегі кемел орталықтың әлемдік деңгейде танылған Катардағы Хамад Бин Халифа университетімен және «Астана» қаржы орталығымен бірлескен жұмысы саяси жағынан да, экономикалық тұрғыдан да тиімділігін танытып, үлкен іске жол ашатынына сенім білдірді.