Факультет тарихы

Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті 2011 жылы бұрынғы 1985 жылы ашылған шетелдіктерге арналған дайындық факультеті негізінде құрылды. Факультет тарихы біздің университетіміздің сексен жылдық тарихының бір бөлігі болып табылады.

Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті білім беру саласында əлемнің 100-ден аса елдерімен тығыз қарым-қатынас жасайды. Қазіргі кезеңде университет өзінің халықаралық байланысын жетілдіре отырып, сенімді түрде Еуропалық білім беру кеңістігіне енуде.

Факультет құрылғаннан бастап əлемнің 100-ден аса елінен келген 7 000-ға жуық шетелдіктерді оқытып шығарды. Олардың ішінде алыс-жақын шетелдерден келген қазақ диаспорасының өкілдері, жоғары оқу орындары аралық ауысымымен келіп оқитын шетелдік студенттер, халықаралық ұйымдар, елшіліктердің жəне компаниялардың тыңдаушылары бар. Осы уақытқа дейін факультетте АҚШ, Жапония, Ауғанстан, Оңтүстік Корея, Монғолия, Испания, Түркия, Қытай халық республикасы, Иран жəне т.б. көптеген əлемнің əр елінен келген тыңдаушылар білім алды.

Факультет 2001 жылдан бері екі президенттік бағдарламаны жүзеге асыруда. 2001 жылдан бері 2000-нан аса шетелдік қазақ диаспорасының өкілдерінен тұратын тыңдаушылар тобы ҚР ЖОО түсу үшін дайындықтан өтті. 2010 жылдан бастап АИР-дан келген 420 тыңдаушы ҚР ЖОО мен колледждерінде оқу үшін қазақ жəне орыс тілдерін үйреніп, білім алып шықты. Сондай-ақ факультетте талапкерлерді кешенді жəне ұлттық бірыңғай тестке дайындау (КТ, ҰБТ) жұмысы жүргізілуде.

Қазақстан Республикасындағы саяси жəне экономикалық жағдайдың тұрақтылығы, ұлттар мен ұлыстардың өзара татулығы, əл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы тарапынан студенттердің жақсы оқуы мен өмір сүруі үшін жасалған жағдайлар, ең бастысы оқу сапасы, шетелдік студенттердің біздің факультетімізге келіп оқуына ықпал етеді.

Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың колледжін, Бейіндік мектебін жəне «Талапкер» кəсіптік бағдар орталығын ЖОО дейінгі білім беру факультетіне біріктіру жоғары оқу орнына дейінгі білім берудің бірыңғай құрылымын жасауға себеп болды.

Бүгінгі таңда ЖОО дейінгі білім беру факультеті бірыңғай ғылыми жəне оқу-білім беру кешені болып табылады. Факультеттің профессор-оқытушылар құрамы 150 адам, оның ішінде 5 ғылым докторы, 3 профессор, 30 ғылым кандидаты бар.

Факультетте дəстүрлі түрде Халықаралық виртуалды ғылыми-əдістемелік конференция, Педагогикалық идеялардың республикалық фестивалі, «Жер біздің ортақ үйіміз» атты Халықаралық студенттік ғылыми конференция болып тұрады. Жоғары білікті профессор- оқытушылар құрамының жетекшілігімен шетелдік дарынды тыңдаушылар қазіргі ғылымның өзекті мəселелері бойынша қазақ жəне орыс тілдерінде зерттеу жұмыстарына қатыстырыла алады.