Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мұражайы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мұражайы – Қазақстанда және әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті, өз елінің мәдени-тарихи құндылықтарын бойына сіңірген, рухы мықты жанашыры - өнегелі мамандарын тәрбиелейтін университеттің ғылыми-ақпараттық, танымдық, тәрбиелік бөлімшесі. Негізгі мақсаты – халқымыздың бай мәдени, рухани мұрасын сақтау мен насихаттау, білім мен ғылым саласында жеткен жетістіктерін дәріптеу болып табылады. Университет мұражайы 1989 жылдан бастап жұмыс істейді. 20 жылдан кейін ауқымды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, жаңа мұражайдың ашылуы 2009 жылы 13 қазан айында университеттің 75-жылдық мерейтойына орай ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың келу сапарымен орайластырылған болатын. Мұражайдың аумағы – 1000 кв. м. Тарих галереясы, Даңқ залы, Университеттің тұрақты дамуы атты 3 залында университеттің құрылу тарихы 120 витриналарда жүйелі жинақталып, 5 мыңнан астам тарихи құнды және сирек кездесетін құжаттар мұражай экспонаттары арқылы көрсетілген.
|
![]() |
Галереяның мағыналық тұжырымдамасы - Қазақстандағы білім мен ғылым дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын қарашаңырақ ҚазҰУ-дың тарихи кезеңдеріне шолу жасау. Әртүрлі жылдардағы университет өмірі, беделді ғылыми мектептердің пайда болуы және дамуымен байланысты тарихи құжаттар, Ұлы ойшыл бабамыз әл-Фараби мұралары мен М.О. Әуезов, Қ.И. Сәтбаев, Т.Т. Тәжібаев, Е.Б. Бекмаханов, К.П. Персидский, А.Б. Бектұров, Д.В. Сокольский, Т.Б. Дарқанбаев, А.Х. Қасымжанов т.б. көптеген тамаша ғұлама ғалымдар кірпішін қалаған ғылыми мектептерге арналған витриналар мұражайдың «алтын қазынасы».
![]() |
![]() |
Мұражай Атриумындағы бір кешен Шығыстың ғұлама ойшылы, Екінші ұстаз, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің бай мұраларына арналса, екіншісі Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті университеттің Құрметті докторы және Құрметті профессоры – Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған.
|
![]() |
Сонымен қатар мұражай аясындағы "Даңқ залының" қабырғаларында - «Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары», «Университет түлектері – біздің мақтанышымыз» фотогалереяларымен бірге, атақты Нобель сыйлығының лауреаттарымен толтырылған университеттің «Құрметті профессорлары мен докторлары» атты фотогалерея орын алған.
Факультеттердің, ғылыми-инновациялық зерттеу институттарының және орталықтардың бүгінгі тыныс-тіршіліктері мен жетістіктері, болашағы туралы мәліметтерді "Университеттің тұрақты дамуы" залының көрмесінен тамашалауға болады. Ортада – заманауи білімнің әлемдік масштабын бейнелейтін «XXI ғасырдың Жершары» атты терең мағыналы композициялық қондырғы орнатылған. Университетті классикалық білім беру орнынан инновациялық зерттеу университетіне айналдыру, әлемдегі дамыған жоғары оқу орындарының қатарына қосу және тұрақты дамыту мақсатында «Аl-Farabi university smart city» іргелі жобасы қолға алынды, университеттің соңғы жылдардағы жеткен толағай жетістіктерін паш ететін 3D-технология форматындағы жасалған жаңа экспозициялар көз қуантады.
|
![]() |
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мұражайы – қазақстандық жоғары оқу орнындарының алғашқысы болып, штаб-пәтері Париж қаласында орналасқан Халықаралық мұражайлар Кеңесінің (International Council of Museums, ICOM, Франция) құрамына енген бірден-бір мұражай. Ол ИКОМ қазақстандық комитетінің құрылтайшысы болып тіркеліп, Еуразия және қазақ университеттері қауымдастығының құрамында әлем мұражайлары мен мәдени орталықтарымен тығыз ынтымақтастық қарым-қатынас жасап келеді.
![]() |
![]() |
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мұражайы - 2010 жылы қалалық ардагерлер кеңесінің «Ардагерлер ұйымының жұмысына белсенді қатысқаны үшін» Құрмет грамотасымен, 2010 жылы Алматы қаласы Бостандық ауданы ардагерлер ұйымының "Жас ұрпақты адамгершілік-патриоттыққа тәрбиелеу жұмыстарына белсене қатысқаны үшін" Алғыс хатымен, 2011 жылы Халықаралық мұражайтанушылар форумы аясында өткен «Музей - тарих пен бүгінгі күннің феномені» атты байқауының «Үздік жоғарғы оқу орнының мұражайы 2011» атты Дипломымен, 2012 жылы Қазақстандағы ардагерлер ұйымдарының құрылуының 25-жылдығына арналған ҚР әлеуметтік музейлері республикалық байқауының «Жоғарғы оқу орнының музейлері» номинациясы бойынша Құрмет дипломымен, 2014 жылы «Музей ісіне қосқан үлесі үшін» «ИКОМ Қазақстан бойынша ең үздік музей» атты Құрмет дипломымен марапатталып, 2015 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының ұйымдастырылуымен өткен «Эстафета памяти: помним и чтим» байқауының жеңімпазы ретінде Құрмет грамотасы мен I-ші орын кубогының иегері атанды.
Халықаралық ИКОМ мұражайлар кеңесінің шешімімен әл-Фараби ҚазҰУ мұражайы «2015 жыл мұражайы» атанды.
Мекен жайымыз: 050040., Алматы қ, әл-Фараби даңғылы, 71, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, каб 2-3, Тел. 2211359, ұялы тел.+77078232829 |
Жұмыс уақыты: 9.00 -18.00 с. (түскі үзіліс 13.00-14.00 с.) Демалыс кундері: сенбі, жексенбі |