ҚазҮУ студентінің Ар-Намыс Кодексі

20.05.2020

Көрулер: 539

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттерінің қауымдастығы:

-     Университеттің жоғарғы санатты және адамгершілігі аса жоғары мамандарды дайындау миссиясын жүзеге асырудағы өз жауапкершілігін сезіне отырып;

-     Университеттік қауымдастықтың бір­лес­кен мәдениетін қолдау мен дамытуды, ҚазҰУ-дың Қазақстан Республикасындағы кәсіби мамандарды дайындаудың жетекші орталығы және отандық білім берудің көшбасшысы ретіндегі имиджін сақтауды өзінің міндеті ретінде санай отырып;

-     ҚазҰУ-да студенттермен, қызметкер­лермен және жоғары оқу орнының әкімдігі арасында шынайы демократиялық қарым-қатынастар жүйесін қалыптастыруға ұмтыла отырып;

ҚазҰУ студентінің аталып отырған Ар-намыс кодексін қабылдайды және оны қалтқысыз орындауға міндеттенеді.

 

1-бап.

ҚазҰУ студенті Қазақстан Республика­сының Конституциясы мен заңдарына, ҚазҰУ Жарғысына, Ішкі тәртіп Ережесіне, Жатақ­ханада тұру Ережесіне және басқа да ҚазҰУ-дың нормативті актілеріне бағынады.

 

2-бап.

ҚазҰУ студенті ұлттық мәдениет пен Қазақстан мемлекетінің қалыптасу тарихын біледі және оларды қастерлейді, университет дәстүрлерін кіршіксіз сақтайды және оларды құрметтейді.

 

3-бап.

ҚазҰУ студенті басқа студенттермен, оқытушылармен және ҚазҰУ әкімдігінің өкілдерімен қарым-қатынас барысында ізет­тілік, кішіпейілділік және ұқыптылық таныта­ды.

 

4-бап.

ҚазҰУ студенті кез келген азаматқа оның шығу тегі мен ұлтына, әлеуметтік дәрежесіне, діни немесе дүниетанымдық ұстанымдарына қарамастан, құрметпен қарайды.

5-бап.

ҚазҰУ студенті өзінің оқу міндеттерін қатаң орындайды, төмендегідей академиялық нормаларды бұзушылыққа жол бермейді:

-     плагиат;

-     алдау;

-     шпаргалка пайдалану, білімді бақы­лаудың барлық деңгейлері мен түрлерінен өту барысында көшіру және біреуден сұрау;

-     білімді бақылау процедурасынан бөтен тұлғаның атынан өту;

-     жоғары баға алу үшін туысқандық немесе қызметтік байланыстарын пайдалану;

-     пара беру;

-     оқытушыны алдау және оны сыйламау;

-     сабақтарды жіберу және кешігу, оқу сабақтарына немесе олардың бір бөлігіне бел­гісіз себептермен қатыспау.

 

 

6-бап.

ҚазҰУ студенті университет мүлкінің сақталуына қамқорлық жасайды және универ­ситет аумағында жүгенсіздік көріністерінің орын алуына жол бермейді.

 

7-бап.

ҚазҰУ студенті университеттің кітапхана­лық-ақпараттық ресурстарына қамқорлықпен қарайды және бұл ресурстарға қатысты салғырт қараушылық пен нұқсан келтіру­шілікке жол бермейді.

 

8-бап.

ҚазҰУ студенті ұқыптылықты сақтайды. Оның сыртқы түр келбеті этикалық және эстетикалық нормаларға сәйкес келеді.

 

9-бап.

ҚазҰУ студенті салауатты өмір салтын ұстанады, өзінің мәдени, адамгершілік және тұлғалық даму деңгейін жетілдіруге ұмты­лады, университеттің қоғамдық-мәдени, ғылы­ми және спорттық өміріне белсене атсалы­сады.

 

10-бап.

ҚазҰУ студенті университетте және оның аумағынан тыс жерлерде де құқық бұзушылық әрекеттерге жол бермеуге тиіс.

 

11-бап.

ҚазҰУ студенті тәртіп бұзуға бағытталған ақпараттың таратылуына жол бермеуі, сондай-ақ заңмен рұқсат етілмеген жиналыстарға, демонстрацияларға, митингілерге, ереуілдер­ге, акцияларға және шерулерге қатыспауы тиіс.

 

12-бап.

ҚазҰУ студенті университет мүддесіне қайшы келетін және ҚазҰУ имиджі мен беделіне нұқсан келтіретін кез келген іс-әрекетке қатысудан бой тартады.

 

13-бап.

ҚазҰУ студенті аталған Кодекс ереже­лерінің бұзылуын анықтаған сәтте оны өз күшімен түзетуге тырысады, ал мұндай әрекет мүмкін болмаған жағдайда бұл келеңсіздіктер туралы студенттік өзін-өзі басқару ұйым­дарына немесе ҚазҰУ әкімдігіне хабарлауға құқылы.